Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл » Общеобразовательная школа № 170. Турксибский район
)Қабылдау бөлімі :
+7(727) 223-33-49
Есепші бөлімі:
+7(727) 223-33-49
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл
19
февраль
2021

Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. Мемлекет басшысы былтырғы қазан айының 22-і күні ұйымдастырылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында биылғы жаңа жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы атауымен айрықша атап өтілетіндігін айтқан болатын.



– Бұл – өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Отырыс барысында Президент қазір осынау маңызды тарихи датаға орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт еместігін де атап айтты. – Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамы белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес сектор өкілдерінен тұрады. Мемлекеттік комиссия төрағасы – ел Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздің күніне арналған мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде:



– Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді. – Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз.

Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз, – деді Президент.

Әкім ТАРАЗИ, жазушы: – Ер етігімен қан кешкен алмағайып кезеңдерде ұлттың ұлы ұраны – Тәуелсіздік болатын! Елім деп еміренген жас боздаққа жалын берген, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген қасиетті сөз тағы да осы – Тәуелсіздік. Қазақ халқы осы арманға қол жеткізіп, бүгінде егеменді елге айналды. Әр адамның өмірбаяны болатыны секілді, әр ұлттың да өмірбаяны болады. Біздің ұлттың кешкен мехнаты, көрген қасіреті қаншалық көп болса да, бақыты да сондай баянды, мәңгілік болады деп сенемін.

Төлен ӘБДІК, жазушы: Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең үлкен құндылығы. Өйткені тәуелсіздік жоқ жерде еркін даму мүмкін емес. Бүгінде әлемге ықпал жүргізіп отырған озық елдер осы дәрежеге тәуелсіздіктің арқасында жеткені белгілі. Сондықтан Тәуелсіздікті қадірлеу, оны бағалай білу, сақтай білу – баршамыздың басты парызымыз деп білген жөн. Рас, былтыр тәуелсіздік күнін ауыр жағдайда қарсы алдық. Коронавирус індеті бізге ғана емес, бүкіл адамзатқа үлкен шығын әкелді. Әр күн сайын кім бар, кім жоғын түгендеп, соғыстағыдай күн кешкен уақыттар болды.

Қазір, құдайға шүкір, беті қайтып келеді деп айтуға болады. Екпе жасайтын ем дәрілер жасалып жатыр. Бізге де жетіп қалар. Бірақ болжам бойынша, әлі де алда ауыр күндер болатын секілді. Сақтықта – қорлық жоқ. Осындай кезде адамға қажет екі нәрсе бар, ол – сабыр мен сенім. Аңыз бойынша Сүлеймен пайғамбар қатты қиналғанда жүзігіндегі «Бәрі де өтеді» деген жазуды оқып, сабырын шақырады екен. Бұл да өтетін шығар. Сенімімізді жоғалтпайық. Жаңа жылымыз денсаулықтың, амандықтың, береке-бірліктің жылы болғай!

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Адам, тұтастай алғанда, ұлт өз бақытының ең биігін Тәуелсіздігінен көреді. Өзінің еркін ел, тәуелсіз мемлекет екенін сол арқылы дәлелдейді. Осыған жеткен біз, әрине бақыттымыз. Жандүниеміздегі жаңғырып жатқан жасампаздықтың рухани қуатымен өркениетті өмірге бет алып бара жатырмыз. Ең басты мұраты – Тәуелсіздікке жеткен елдің ең басты сенімі – ертеңі. Өмірде болып жататын қат-қабат, қилы-қилы табиғи құбылыстардың қай-қайсысында да сол сенім арқылы абыроймен алға баса береміз.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы: Жастардың желтоқсандағы көтерілісінің сипаты туралы саяси пікірді коммунистік партияның басшылығы «ұлтшыл элементтер», «тобыр», «бұзақылар», «арамтамақтар және қоғамға жат адамдар», «маскүнем, нашақор, көргенсіз бұзақылар» қатысқан бас көтеру ретінде сипаттап, оған «шектен шыққан (махровый, ұлтшылдық)» деген сипаттама бергені есте. Осындай пікір 1986 жылғы 18 желтоқсан күні жарық көрген СОКП-ның Саяси бюросының мәжілісінде қабылданған «Алматыдағы оқиғаға байланысты шаралар» туралы ресми қаулысында орын алды.

1987 жылы шілде айында СОКП Орталық комитеті қабылдаған арнайы қаулыда Желтоқсан қозғалысы «қазақтардың орыстарға қарсы шығуы» ретінде сипатталып, бұл көтеріліс ұлтшылдардың бас көтеруі деп атап көрсетілді. «Ұлтшылдарды айыптау асқынып тұрған» сол заманда мұндай тұжырымның салмағы аса ауыр еді. Алайда күні бүгінге дейін осындай, қазақ халқының беделіне нұқсан келтіретін сипаттамалар үшін ешкім кешірім сұраған жоқ. 2006 жылы Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы ресми түрде атап өтілмей, бұл мәселе Астанадағы қонақ үйлердің бірінде өткен шағын ғылыми конференцияда ғана ауызға алынды.

Бұл бүгінгі қазақтың және оны билеушілердің ұлттық қозғалыстарға немқұрайлы да немкетті қарайтынының айқын көрінісі болды. Дегенмен де тарихшылар мынаны жақсы біледі: Алматыда Брежнев атындағы алаңға жиналған жастар қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын ұрандар көтеріп тұрды. Оларда орыс халқына қарсы сөздер болған жоқ. Ал енді сол заманда бұл ұрандарға социализм жағдайында коммунистік идеология қолданатын кейбір сөз тіркестерінің еніп кеткені де белгілі. Солай бола тұрса да кеңестік билік көтеріліске қатысушыларды бәрібір «ұлтшылдар» атандырды. Қанша мән бермесек те бұл бас көтерудің тарихи маңызы зор.

Күллі әлем Желтоқсан арқылы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарусыз қолмен қарсы тұра алатын айбарлы да айбатты, ар-намысты, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоя алатын қазақ деген жүректі халық бар екенін білді. Сонымен қатар мынаны да ұмытуға болмас: 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – бірнеше ғасырларға созылған ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы қантөгіс соғыстары мен жанкешті ұлт-азаттық көтерілістерінің сабақтас жалғасы, және бүгінгі тәуелсіздігіміздің саяси беташары.